Радиоактивті қалдықтар туралы жаңа заң: Қазақстанның ядролық қауіпсіздік жолындағы тарихи қадамы
2026 жылғы 7 шілдеде Қазақстан Президенті «Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу туралы» Заңға қол қойды. Бұл – елдің ядролық және экологиялық қауіпсіздік жүйесін дамытудағы маңызды кезең. Жаңа заң радиоактивті қалдықтарды басқарудың бірыңғай мемлекеттік жүйесін қалыптастырып, Ұлттық операторды құруды көздейді. Осы жаңалықтардың мәнін ҚР ҰЯО РМК бас директорының орынбасары, PhD Ерболат Қоянбаев түсіндірді.
Неліктен жеке заң қажет болды?
Бұған дейін радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу бірнеше нормативтік актілермен реттеліп келді: Атом энергиясын пайдалану туралы заң, Экология кодексі, санитариялық талаптар. Бұл жауапкершілікті бөлуді қиындатып, бірыңғай жүйенің қалыптасуына кедергі келтірді. Жаңа заң осы нормаларды біріктіріп, радиоактивті қалдықтардың өмірлік циклінің барлық кезеңдерінде басқарудың заманауи қағидаттарын белгілейді.
Заң қандай жаңа тетіктер енгізеді?
Заң алғаш рет радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу объектілерінің өмірлік циклін толық реттейді: алаңды таңдаудан бастап, көму пункттерін салу, пайдаланудан шығару, жабу және ұзақ мерзімді мониторинг жүргізуге дейін. Бұл халықаралық тәжірибеге сәйкес келеді.
Қалдықтарды өндірушінің жауапкершілік қағидаты ерекше назарға алынған. Қызметі радиоактивті қалдықтардың пайда болуына әкелетін ұйымдар оларды қауіпсіз басқаруды қамтамасыз етуге міндетті. Бұл норма қалдықтардың түзілуін азайтатын технологияларды ынталандырады.
Мемлекеттік органдардың лицензиялау, есепке алу және бақылау жөніндегі өкілеттіктері кеңейтіледі. Күшейтілген радиациялық бақылау, сақтау және көму объектілерін физикалық қорғау көзделеді.
Ұлттық оператор не үшін қажет?
Заңның басты жаңалығы – Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу жөніндегі ұлттық операторды құру. Бұл ұйымға ел аумағында радиоактивті қалдықтарды көму пункттерін құру және пайдалану бойынша айрықша құқық беріледі.
Ұлттық оператор – уәкілетті органның (Атом энергиясы жөніндегі агенттік) тікелей бақылауымен жұмыс істейтін мемлекеттік ұйым. Бұл өте маңызды, өйткені радиоактивті қалдықтар үшін жауапкершілік мерзімі ғасырлармен өлшенеді. Бірде-бір коммерциялық құрылым мұндай ұзақ уақыт аралығында өз міндеттемелерінің орындалуына кепілдік бере алмайды. Ал мемлекет мұндай кепілдікті қамтамасыз ете алады.
Мұндай модельдер Франция, Ұлыбритания, Швеция, Финляндия, Германия, Бельгия, Оңтүстік Корея, Ресей және Жапонияда табысты қолданылып отыр.
Жаңа заң азаматтардың өміріне қалай әсер етеді?
Қарапайым азамат жаңа заңның әсерін тікелей байқамауы мүмкін. Жаңа түбіртектер пайда болмайды, тарифтер өзгермейді. Барлық жұмыс «көзге көрінбейтін» түрде: зертханаларда, мамандандырылған объектілерде жүргізіледі. Алайда дәл осы жұмыс ұзақ мерзімді перспективада экологиялық жағдайды едәуір жақсартады.
Біріншіден, радиоактивті қалдықтарды қайта өңдеу және кондициялау бойынша заманауи технологиялар енгізіледі. Екіншіден, халықаралық стандарттарға сәйкес көму пункттері құрылады. Үшіншіден, тарихи мұра болып қалған мәселелер кезең-кезеңімен шешіледі.
Ұзақ мерзімді нәтижелер қандай?
Семей полигонының сынақтарын бастан өткеріп, ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан Қазақстан бүгінде келесі қисынды қадамға барып отыр: радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеудің өркениетті, ашық және ғылыми тұрғыдан негізделген жүйесін қалыптастыруға бағыт алды.
Алда заңға тәуелді нормативтік актілерді қабылдау, Ұлттық оператордың қалыптасуы, инфрақұрылым объектілерін жобалау және салу жұмыстары тұр. Дегенмен құқықтық негіз қаланды және ол берік негізде қаланды. Атом энергетикасын дамыта отырып, Қазақстан оның салдары үшін толық жауапкершілікті өз мойнына алады. Болашақты және келешек ұрпақты ойлайтын мемлекеттер дәл осы жолды таңдайды.