Отбасы банк жетімдерге баспана беруді бес есе арттырды: 2607 азамат қамтылды
Қазақстанда ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мен жетімдерді баспанамен қамтамасыз ету ісі жаңа деңгейге көтерілді. «Отбасы банк» ұлттық даму институты ретінде осы санаттағы азаматтарға ерекше назар аударып, биылғы жылы баспаналы болғандар санын бес есеге арттырды. Бүгінге дейін жалпы 3189 тұрғын баспанамен қамтылды, деп хабарлайды «Отбасы банк».
Биылғы жылы қанша жетім баспаналы болды?
Өткен жылы банк пен мемлекеттің қолдауымен 582 адам баспаналы болса, биыл бұл көрсеткіш айтарлықтай өсіп, 2607 тұрғынды қамтыды. Бұл — мемлекеттің әлеуметтік осал топтарға деген қамқорлығының нақты дәлелі.
Қазіргі таңда 2274 адам жалға берілетін баспанмен қамтылса, 740 азамат жылдық тиімді 2 пайыз мөлшерлемемен берілетін субсидияланған ипотека арқылы баспаналы болды. Ал 175 адам жалдамалы тұрғын үй құнының жартысын төлеу түрінде қолдау алды.
Жетімдердің құқығын қорғайтын қандай өзгерістер енгізілді?
«Отбасы банк» кезекте тұрған жетім балалардың құқығын қорғайтын маңызды өзгерістерді енгізді. Егер бала асырап алу немесе қамқоршылық тоқтатылса, балалар бастапқы кезекке тұру күнін сақтай алады. Бұл өз кезегінде тұрғын үй алу мерзімін айтарлықтай қысқартады. Бұл өзгеріс осы жылдың 14 қыркүйегінен бастап күшіне енеді.
Бұдан былай «жетімдер және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар» санаты баспанаға мұқтаж ретінде тіркелген азаматтарға бөлінетін тұрғын үй қорының 20 пайызын құрайтын квотаға заңды түрде құқылы.
Мысалы, егер өңірлік әкімдік үлестіру үшін 100 жалға берілетін пәтер бөлсе, олардың 20-сы кепілді түрде жетім балаларға беріледі.
Тұрғын үй кезегіне тұру ережелері қалай өзгерді?
Тек жетім балалар ғана туылған сәттен бастап тұрғын үй кезегіне тұрады. Ал басқа азаматтар тек кәмелетке толғаннан кейін тіркеледі. Егер бала кәмелетке толмай жатып ата-анасынан айырылса, ол 29 жасқа толғанша кез келген уақытта тұрғын үй кезегіне тұруға құқылы. Егер мұндай адамдар әскери қызметке шақырылса, аталған жас шегі олардың міндетті әскери қызмет мерзіміне ұзартылады.
Құжат жинау қажеттілігі жойылды ма?
«Отбасы банк» деректерді тексеру және тұрғын үйді бөлу процесін толықтай автоматтандырды. Енді тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар табысын растап, түрлі құжат жинамайды. Отбасының табыс көзі ең төменгі күнкөріс деңгейімен есептеледі, биыл көрсеткіш 50851 теңгені құрайды.
Жүйе табыс көздерінің барлығын анықтап, оларды талдайды және әр адамға шаққандағы жиынтық табыс мөлшерін есептейді.
Жалдамалы тұрғын үй алуға қандай талаптар қойылады?
Жалдамалы тұрғын үйге қатысты мынадай шарттар қолданылады:
- Үш немесе одан да көп адамнан тұратын отбасылар үшін соңғы алты айдағы табыс үш адамға есептелген ең төменгі күнкөріс деңгейінің екі еселенген мөлшерінен, яғни 305106 теңгеден аспауға тиіс;
- Екі адамнан аспайтын отбасылар үшін соңғы 6 айдағы табыс күнкөріс минимумының 3,5 еселенген мөлшерінен, яғни 355956 теңгеден аспауға тиіс;
- Жалғыз тұратын адамдар үшін соңғы 6 айдағы табыс күнкөріс минимумының 5,5 еселенген мөлшерінен, яғни 279680 теңгеден аспауы тиіс.
Жеңілдетілген ипотека алу шарттары қандай?
Жеңілдетілген 2 пайыз мөлшерлемемен баспана сатып алу үшін соңғы алты айдағы отбасының әрбір мүшесіне шаққандағы орташа табыс күнкөріс минимумының 5 еселенген мөлшерінен, яғни 254255 теңгеден аспауға тиіс.
Жеңілдетілген 5 пайыз мөлшерлемемен баспана сатып алу үшін соңғы алты айдағы отбасының әрбір мүшесіне шаққандағы орташа табыс күнкөріс минимумының 6 еселенген мөлшерінен, яғни 305106 теңгеден аспауға тиіс.
Тұрғын үй кезегін қалай бақылауға болады?
Тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың тізімдері, сондай-ақ тұрғын үй бөлінген азаматтардың тізімдері банктің ресми сайтында орналастырылады. Онда азаматтар ақпаратты өз бетінше тексеріп, тұрғын үйге қолдау көрсету процесін бақылай алады. Бұл ақпаратқа Otbasy Bank мобильді қосымшасы арқылы да қол жеткізуге болады.
*Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 15 шілде №1.1.972.134 банк заңнамасында көзделген банктік және өзге де операцияларды жүргізуге арналған лицензиясы.