Семей полигоны: 300 жылға созылатын қасірет тарихы
1949 жылдың 29 тамызында таңғы сағат 7-де Семей өңірінде жерден 38 метр биіктікте қуаты 20 килотонналық алғашқы атом бомбасы жарылды. Бұл сәттен бастап қазақ даласы 40 жыл бойы ядролық сынақ алаңына айналды. Сол бірінші жарылыстан-ақ 900-ге жуық адам 100-250 рентген мөлшерінде радиация жұтты. Бүгінде ғалымдар бұл қасіреттің зардабы 300 жылға дейін созылуы мүмкін дейді.
Семей полигоны қай аумақтарды қамтыды?
Семей ядролық сынақ полигоны 18,5 мың шаршы шақырымды алып жатты. Кеңес кезінде бұл аумақ СССР қарулы күштері министрлігінің № 2 оқу полигоны деп аталды. Полигон бірнеше аймаққа бөлінген еді:
- Курчатов қаласындағы әкімшілік-тұрмыстық аумақ, ол кезде «М» алаңы немесе «Москва-400» деп аталды.
- Зертхана қалашығы және радиусы 10 шақырымға жететін «Сынақ даласы». Оның «Дегелең», «Балапан», «Телкем» секілді бөлімдері болған, бірінде жануарларға сынақ жүргізілген.
Семей полигонының зардабы қандай болды?
Архивтік мәліметтерге сүйенсек, полигонның 40 жылдық тарихында Семейден 120 шақырым жерде 498 ядролық сынақ өткізілді. Оның 88-і ауада, 30-ы жер бетінде, 340-ы жер астында жарылған. Соңғысының қуаты 1,5 мегатоннға жеткен. Бұл сынақтардан 1,5 миллион адам зардап шекті.
1963 жылға дейін аса қуатты бомбалардың жарылысынан 2 миллионнан аса жазықсыз халық 300-400 рентген мөлшерінде радиация қабылдады. Мамандардың айтуынша, Семей жеріндегі жарылыстардың қуаты Хиросима мен Нагасакиге түскен бомбалардан 2,5 мың есе күшті болды. Сынақ зардаптары жапон қалаларындағы атомдық бомбалаудан 2,5 есе асып түсті.
Халық денсаулығына тиген соққы
Семей маңындағы радиациялық әсер аймағында тұратын 500 мыңдай адам осы сынақтан азап шекті. Полигонға жақын аудандарда жетілуінде әртүрлі ауытқу, тәндік және естік кемшіліктер бар сәбилер көп дүниеге келді. Мамандардың пайымдауынша, бұл қысқа мерзімді және қалдықты радиацияның кесірінен болатын генетикалық мутациямен байланысты.
Аурулардың есеп-қисабы 1990 жылға дейін мұқият жасырылып келді. Соңғы жылдары әр жүз мың адамға шаққанда жүйке-психологиялық ауруға шалдыққандар саны 960-тан 1 624-ке, ақыл-ойы кем адамдар 3 105-тен 4 612-ге, невроз және жүйке тамыр дерті бар адамдар 3 692-ге көбейген. Бұл сырқаттардың тұқым қуалайтыны ғылыми түрде дәлелденді, яғни қасірет ұрпақтан-ұрпаққа берілуде.
Жердің де жазылмас жарасы
Сынақтан адамдар ғана емес, жер де азап шекті. Жылма-жыл радионуклидтердің жинала беруі жердің құнарлығын азайтты. Жердегі орасан зор микроэлементтер: темір, мыс, магний және басқа металдар әртүрлі дәнді дақылдар арқылы адам организміне сіңеді.
1970 жылға дейін зарядтар салынған штольнялар мен скважиналардың түптері мен шығар ауызы дұрыстап бетон қақпақтармен жабылмаған. Соның салдарынан улы инертті газдар, ауыр металдар, басқа да радиациялық заттар жер бетіне жайылды. Сынақ кезінде бөлініп шыққан ең қауіпті изотоптар - «Стронций-90», «Плутоний-238», «Цезий-137». Стронцийдің ұсақ микробөлшекке айналып, қоршаған ортаға зиянсыз күйге енуі үшін 56 жыл керек.
«Невада-Семей» қозғалысы: халықтың бас көтеруі
1989 жылдың ақпан айында Семейдегі атом полигонын жабуды көздеген «Невада-Семей» қозғалысының алғашқы митингі өтті. Бұл қозғалысты белгілі қоғам қайраткері, ақын Олжас Сүлейменов басқарды. Сол жылы 6 тамызда Семей облысының Қарауыл ауылында ядролық қаруды сынауға мораторий жариялау жөнінде ұсыныс айтылып, КСРО және АҚШ Президенттеріне үндеу жолданды.
«Сайын даламыз ядролық жарылыстардан қалтырап бітті, сондықтан да онда ары қарай үнсіз қалу мүмкін емес. 40 жыл ішінде бұл арада мыңдаған Хиросималар жарылды. Біз келешекті қауіппен күтудеміз. Уайымсыз отырып, су мен тамақ ішу, өмірге нәресте әкелу мүмкін емес болып барады», - делінген үндеуде.
Осы уақытқа дейін үнсіз тығылып келген халық бір ауыздан «Ядролық қаруға жол жоқ!», «Сынақтар тоқтатылсын» деп қарсылық білдірді. Бұқараның бас көтеруі нәтижесінде Семей полигонындағы сынақтар саны азая бастады.
Полигон қашан жабылды?
1991 жылы 29 тамызда Семей полигоны жабылды. Ресми ақпаратқа сүйенсек, бүгінде полигон аумағында ешкім тұрмайды, себебі онда тұруға тыйым салынған. Алайда бұл қасіреттің ізі әлі де қазақ даласында сақталып тұр. Ресми деректерде полигон кесірінен 1 миллионнан астам, кейбір деректерде 1,5 миллионға жуық адамның зардап шеккені туралы айтылады. Бірақ бұл соңғы статистика емес, себебі адам бойындағы ауытқулар ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келеді.