Ескі жүйенің қараңғылығы: Тұрар ауылы жарықсыз қалды
Тарихи атаның топырағындағы қара түн
Алматы облысы, Қарасай ауданындағы Тұрар ауылы қараңғылық құрсауында қалды. Бұл жай ғана электр тоғының үзілісі емес. Бұл ескі, кеңестік үлгідегі ортақ басқару жүйесінің шынайы беті. Айлап жарықсыз отырған халық су мен интернетсіз қалды. Қасиетті топырақта бүгінде делдалдардың қамыты үстемдік құрады.
Ауыл маңындағы он шақты саяжай бір ғана электр желісіне тәуелді. Алты миллион теңгеден асқан қарыз жұрттың мойнына артылған. Жарық сөнгенде, тіршілік те тұралайды. Тоңазытқыштағы азық шіриді, тұрмыстық техникалар істен шықты. Халықтан ақша жинап, қызмет көрсетеміз деген делдалдар уәдесінен тайып, қаржының жұмсалу жолын жасырып келеді.
Халықтың үні: әдіреттілік пен жарық
Кеше сағат 23:00-де жарық жанды. Оған дейін 2-3 ай өшіп тұрды. Тоңазытқышта сақталған тамағымыз қоқысқа кетті, сатып алған етіміз шіріп бұзылды. Су жоқ, бірақ ақысын төлейміз
деп налыды ауыл тұрғыны Мақсат Сабырбаев.
Электрге ақша төлеп отырмыз, бірақ мекеме қарызға батқан. Сол қарызды қара халық төлеп отыр. Олар кВт 29 теңгеден алады, біз 36 теңгеден төлейміз. Үстінен 10 мың теңгеден тағы жинайды
дейді ауылдың тағы бір тұрғыны Ерғали Ерденов.
Күн энергиясы мен күрес жолы
Жарықсыз қалған халық тығырықтан шығудың жолын өздері іздеді. Электр желісіне жауапты төраға заңсыз желілерді кесіп кеткен соң, тұрғындар балама көздерге көшуге мәжбүр болды. Кейбірі күн энергиясынан тоқ алып жатыр. Бірақ ол тек кешке дейінгі жарықты ғана қамтамасыз етеді. Қуатты құрылғыларды іске қосу мүмкін емес.
Біз өстіп отыра береміз бе? Үш күн электр жарық жоқ. Мүмкіндігі шектеулі баланы оқытып отырмын. Екі күнде бір суға түсіру керек, су жоқ. Дәрігерге хабарласайын десең, байланыс жоқ
дейді Динара Мамырбаева.
Ескі қамытты үзу: жеке есепшот талабы
Мәселенің түпкі түбі ортақ есепшот жүйесінде. Бұл заңға қайшы үлгі. Әрбір азамат жеке заңды тұлға ретінде өз есепшотына ие болуы тиіс. Ортақ есепшот бүгінде халықты делдалдардың қарақшылығынан қорғай алмай отырған кеңестік қалдық. Тұрғындар есепшоттарды бөлуді талап етіп, құқық қорғау органдарына жүгінуде.
Миллиондаған қарыздың қайдан пайда болғанын анықтауға талай рет тырыстық. Алайда бұл ішкі мәселе деп жасырып келеді. Ең басты мәселе, бізде барлық саяжай бір ғана жеке есепшотқа біріктірілген. Бұл заңға қайшы. Әрқайсымыз бөлек заңды тұлғамыз. Сондықтан есепшоттарды бөлу мәселесін талап етіп отырмыз
дейді бірлестік төрағасы Галина Галушко.
Мемлекеттің мықты қолы
Жергілікті әкімдік мәселені құқық қорғау органдарының қарауына берген. Бұл заңдылық шеңберінде жүріп жатқан үдеріс. Ескі жүйенің қарызы толық өтелмейінше, төрағаларды ауыстыру немесе басқару тетігін бірден өзгерту мүмкін емес. Алайда күшті мемлекет әрине өз азаматын әділетсіздікке қалдырмайды.
Қыста және жазда тұратын адамдар бар. Кейбір азаматтар жазда ғана келіп кетеді де, ақшасын төлемейді. Бау-бақша серіктестерінің төрағалары нүктелік өшірулер жүргізу керек. Әр тұтынушы сол кісілермен бірге жұмыс істеу керек
дейді Қарасай ауданы ТҮКШ бөлімінің басшысы Бекзат Кәрімов.
Халық уақытша уәде мен кейінге шегерілген шешімнен шарқады. Қаржының жұмсалу жолы ашық болуы, әр саяжайға жеке есепшот ашылуы және делдалдарсыз тікелей басқару талап етілуде. Әкімдік әзірге жарық өшірілмеуін сұрап, уақыт ұтып отыр. Бірақ бұл мәселенің түпкілікті шешімі емес. Қараңғылық құрсауында қалған жұрт енді ескі тәртіптің тоқырауына нақты нүкте қойылып, жаңа, әділетті жүйенің орнауын күтеді.