Баспана сақтандыру міндеттеледі: мемлекет табиғи апаттан қорғаудың жаңа тетігін енгізбек
Қазақстанда алдағы жылдары баспананы міндетті сақтандыру енгізілуі мүмкін. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мәлімдеді. Бүгінде табиғи апаттар кезіндегі шығынды мемлекет өтеуге мәжбүр, ал бұл жүктемені азайту үшін әлемдік тәжірибеге жүгіну қажет.
Неліктен міндетті сақтандыру қажет болды?
2024 жылы су тасқынынан қираған үйлерді қалпына келтіруге 257 млрд теңге жұмсалды. Бұл қаражат мемлекет бюджетінен бөлінді. Агенттік мұндай шығындарды азайту үшін халықаралық тәжірибені енгізуді жоспарлап отыр.
Әлемде міндетті сақтандыру жүйесі көптеген елдерде бар. Мысалы, Солтүстік Америкада тұрғындардың 90 пайыздан астамы үйін сақтандырған. Ал Оңтүстік Корея мен Түркия міндетті сақтандыруды сәтті енгізген. Түркияда үйлердің 57 пайыздан астамы жер сілкінісінен қорғалған.
Жаңа заң жобасы қандай механизмді ұсынады?
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «Сақтандыру нарығы туралы» жаңа заң жобасын әзірлеп жатыр. Бұл құжат елдің сақтандыру жүйесін кешенді жетілдіруді көздейді.
«Сақтандыру табиғи апаттар салдарынан тұрғын үйі зақымдалған немесе жойылған азаматтарды жедел қаржылық қолдаумен қамтамасыз етуге бағытталған. Тұрғын үйді міндетті сақтандыру бойынша сақтандыру жарнасының мөлшері нақты өңірдегі тәуекел дәрежесіне байланысты белгіленеді», — делінген агенттік хабарламасында.
Жүйе кезең-кезеңімен енгізілмек. Бірінші кезеңде ең осал өңірлер қамтылады, кейін барлық 16 өңірге таратылады. Заң күшіне енгеннен кейін үш жылдық өтпелі кезең қарастырылған.
Жарна мөлшері қанша болады?
Агенттіктің мәліметінше, жарна көлемі қауіп деңгейіне қарай 1 мыңнан 20 мың теңге аралығында болуы мүмкін. Бұл сома өңірдегі тәуекел дәрежесіне байланысты белгіленеді.
Қазір елде ерікті сақтандыру бар, бірақ халықтың белсенділігі өте төмен. 8,5 миллионнан астам жылжымайтын мүліктің тек 200 мыңға жуығы ғана сақтандырылған. Бұл 2,5 пайызға әрең жетеді. Оның да біразы ипотекамен рәсімделген үйлер, яғни банктің міндеттеуімен жасалған.
Халық неге сақтандырудан бас тартады?
Экономист Ләззат Нұрғалиқызының пікірінше, халық баспана сақтандырудың жарнасын басы артық шығын деп есептейді. Сонымен қатар, сақтандыру компанияларына деген сенімсіздік те бар.
«Не тауы жоқ, не суы жоқ жерлерде, әсіресе ауылдық өңірлерде, мұндай сақтандыру азаматтарымызға қаржылық тұрғыдан ауыр тиеді. Ал егер жер сілкінісі сияқты табиғи апаттар болуы мүмкін немесе теңіз, су айдындары бар өңірлерде міндетті түрде енгізілсе, әрине, халық оны қолдайды деп ойлаймын», — дейді экономист.
Сарапшылардың айтуынша, кейбір адамдар мұндай сақтандырудың бар екенін де білмейді. Жаппай енгізілмеген соң халықтың да хабары шамалы.
Сақтандырудың артықшылықтары қандай?
Сақтандыру компаниясы филиалының директоры Гүлжан Абылқанованың айтуынша, жылына бір рет қана жарна төлеп, баспананы түрлі қауіптен сақтандыруға болады.
«Мысалы, сақтандыру сомасы 2 млн 200 мың теңге тұрады. Жылдық бір-ақ рет төленетін ақысы 13 мың 200 теңге тұрады. Қандай жағдайларда керек болады? Мысалы, үйдің ішкі әрлеу жұмыстарына, 600 мың теңгеге дейінгі үйдегі техникаға және көршілеріңіздің алдындағы 600 мың теңгеге дейінгі жауапкершілікке қатысты. Өрт кезінде, су тасқыны болған жағдайда және тонап кету жағдайында да қолданылады», — дейді маман.
Жарна көбейген сайын сақтандыру сомасы мен кейін алатын өтемақы көлемі де өсе береді. Сақтандыру компаниялары қазір халық көбірек білуі үшін ақпаратты тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы төңірегіндегі цифрлық платформаларға енгізіп жатыр.
Заң жобасы қашан қабылданады?
Құжат әзірге дайындық үстінде. Оның Құрылтай талқысына биыл жіберілетіні әзірге белгісіз. Бір анығы, алдағы жылдары баспананы сақтандыру міндетті іске айналмақ.
Дереккөз: kaz.nur.kz