Пәтерін сатып, ұлын гроссмейстер еткен ана: Эдгар Мамедовтың жолы
14 жасында халықаралық гроссмейстер атанған қазақстандық Эдгар Мамедов бүгінде әлемдік шахмат аренасында ел намысын қорғап жүр. Оның жолы қарапайым баланың зияткерлік ойынға құмарлығынан басталып, анасының ерлігі мен ұлттық мақтанышқа айналған тарихқа ұласты.
Бес жастан басталған жол
Эдгар үшін шахмат әлемі бес жасында ашылды. Сол сәттен бастап зияткерлік ойын оның өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Жыл сайын бұл қызығушылық үлкен жетістіктерге ұласып, Қазақстан чемпионаттарындағы жеңістер, Азия және әлемдік додалардағы жүлделер Эдгардың есімін кеңінен танытты.
2023 жылы ол Маңғыстау облысының жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында алтын алған алғашқы шахматшысы атанды. 2024 жылы әлем чемпионатында күміс жүлде иеленді. Ал 2025 жылы Албанияда өткен байрақты бәсекеде 16 жасқа дейінгі санатта топ жарып, чемпион атанды. Бірақ ол үшін ең маңызды белес — халықаралық гроссмейстер атағына қол жеткізген сәт.
«Турнирдегі үшінші норманы орындаған кезде жағдай өте күрделі болды. Қажетті 2600 ұпайлық перформансқа жету үшін қатарынан екі партияда да жеңуім керек. Оның үстіне, екеуінде де қара түспен ойнап, гроссмейстерлерді жеңу қажет болды. Жалпы турнир барысында 6 шахматшымен сайысқа түстім. Бұл оңай болған жоқ. Бірақ жеңіске жеттім», — деді Эдгар Мамедов.
Анасының ерлігі: пәтер сатылып, баланың болашағына айналды
Чемпиондық атақ пен әр медальдың ар жағында көзге көріне бермейтін күнделікті еңбек жатыр. Сағаттап шахмат тақтасы алдында отыру, партияларды талдау, қателіктерді қайта қарау, жаңа қарсыластың ойын мәнерін зерттеу — осының бәрі темірдей тәртіп пен психологиялық төзімділікті талап етеді. Ал Эдгардың мыңнан үздік шығуына анасы Гүлнәр Мамедованың шексіз қолдауы себеп болды.
«Эдгар сегіз жасқа келгенде Қазақстан чемпионатына алғаш рет бардық. Сонда рапидтен жеңімпаз атанды. Өзіміз де таңғалдық, өйткені ол кезде шахматпен тұрақты түрде көп айналысып жүрген жоқ еді. Сол кезде бірнеше жаттықтырушы Эдгардың бойында үлкен қабілет барын айтып, әрі қарай дамыту керек деген кеңес берді. Содан кейін Астанаға көштік. Бірақ баланың кәсіби деңгейде дамуы үшін қаржы қажет екенін түсіндік. Өзіміз демеуші таба алмадық. Сондықтан Астанадағы пәтерімді сатуға тура келді. Сол қаражатқа жаттықтырушылар жалдап, Эдгардың дайындығын жалғастырдық. Менің ең үлкен арманым — Эдгардың әлем чемпионы атануы», — деді анасы.
Ұлттық мақтанышқа айналған жас дарын
Эдгар өз жетістігінде анасының қолдауымен қатар, алғашқы жаттықтырушысы Әнуар Ескендірұлы Шайхымовтың еңбегін ерекше атайды. Сондай-ақ, Маңғыстау облысының әкімдігі мен Қазақстан Шахмат Федерациясына алғысын білдіреді. Ол физикалық дайындықтың да маңызды екенін айтып, бала күнінен футбол ойнап, қазір бокспен айналысады. Оның пайымдауынша, зияткерлік қабілетті дамыту үшін ақыл ғана емес, дененің саулығы да қажет.
Алдағы меже: 2700 рейтинг және әлемнің үздік елуі
Эдгардың ендігі мақсаты — рейтингін 2700-ге жеткізу. Қазақстаннан әзірге мұндай көрсеткішке жеткен гроссмейстер жоқ. Бұл жай ғана сан емес, әлемнің үздік елу шахматшысының қатарына енуге мүмкіндік беретін маңызды меже. Жас гроссмейстердің жолы — қазақ елінің зияткерлік әлеуетінің жарқын дәлелі.