Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі отбасының әл-ауқат санаты бір ғана көрсеткішке қарап анықталмайтынын мәлімдеді. Бағалау 59 көрсеткіш пен 8 негізгі бағыт бойынша жүргізіледі, ал қорытынды ай сайын қайта есептеліп отырады. Елімізде 6,2 млн отбасын құрайтын 20,6 млн азамат туралы дерек цифрлық картада тіркелген.
Ұлттың тірегі отбасы. Отбасының жағдайын дәл білу, дәл сол отбасына көмектің дер кезінде жетуінің кепілі. Мемлекеттің цифрлық картасы дегеніміз, осы мақсаттың жүзеге асуына қызмет ететін заманауи құрал.
Отбасының цифрлық картасы деген не?
Отбасының цифрлық картасы 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс істейді. Ол әр отбасының цифрлық бейінін қалыптастырып, әлеуметтік әл-ауқат деңгейін анықтайды. Бағалау жүйесі халықаралық тәсілдер негізінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасымен бірлесіп әзірленген.
Ведомствоның ресми сайтында үй шаруашылықтары мен отбасылардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын анықтауға арналған карта қалай жасалатыны түсіндірілген.
Отбасы қандай бес санатқа бөлінеді?
Кешенді бағалау нәтижесінде әр отбасы бес санаттың біріне жатқызылады:
- А санаты – саламаттылықтың жоғары деңгейі;
- В санаты – саламаттылықтың ауқатты деңгейі;
- С санаты – саламаттылықтың қанағаттанарлық деңгейі;
- D санаты – экономикалық тұрғыдан осал деңгейі;
- Е санаты – экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан осал деңгейі.
59 көрсеткішке не кіреді?
Министрлік бағалау кезінде табыс, үй немесе көлік қана есепке алынбайтынын атап өтті. Ескерілетін негізгі бағыттар:
- қаржылық жағдай;
- мүлік пен активтер;
- тұрғын үй жағдайы;
- жеңіл автокөлік пен коммерциялық көліктің болуы;
- жер учаскесі мен жеке қосалқы шаруашылық;
- жұмыспен қамтылу;
- несиелер мен мерзімі өткен берешек;
- кәсіпкерлікпен айналысу және басқа да көрсеткіштер.
Мысалы, А санатына әл-ауқаты жоғары отбасылар жатады. Оның өлшемдерінің бірі: отбасының әр мүшесіне шаққандағы табыс күнкөріс деңгейінің 7 есесіне тең немесе одан жоғары болуы. Бұл шамамен 350 мың теңге және одан көп сома. Сондай-ақ мұндай отбасының әр мүшесіне шартты түрде 120 шаршы метрден келетін бірнеше тұрғын үйі, коммерциялық жылжымайтын мүлкі, ірі, орта немесе шағын бизнесі, люкс немесе премиум санатындағы қымбат көліктері болуы мүмкін.
Санат ай сайын неге қайта есептеледі?
Отбасының құрамы мен әл-ауқат деңгейі ай сайын қайта есептеліп тұрады. Бағалау бір рет жүргізіліп, ұзақ уақытқа бекітілмейді. Мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі мәліметтер өзгерген сайын олар картаға автоматты түрде енгізіледі.
Отбасының табысы азайса, мүлкі сатылса, отбасы мүшелерінің саны артса, оның әлеуметтік-экономикалық жағдайы қайта бағаланады.
Санат дұрыс анықталмаса не істеу керек?
Азамат отбасының құрамы немесе әл-ауқат санаты дұрыс анықталмаған деп есептесе, тұрғылықты жері бойынша Еңбекминнің Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің департаментіне немесе әкімдіктің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасына жүгіне алады.
Мамандар картадағы мәліметтерді тексеріп, сәйкессіздіктің себебін анықтайды. Қате дерек бастапқы дереккөзде түзетілген соң, ол картада автоматты түрде жаңартылады, ал санат келесі бағалау кезінде қайта анықталады. Қайта өтініш берудің қажеті жоқ.
Бұл жүйе халыққа не береді?
Отбасының әл-ауқат деңгейін ескеру мемлекеттік қолдаудың жекелеген түрлерін тағайындағанда оның нақты жағдайын дұрыс бағалауға көмектеседі. Бұл әлеуметтік көмекті шынымен мұқтаж отбасыларға бағыттауға мүмкіндік береді. Карта арқылы мемлекет отбасылардың жағдайындағы өзгерістерді дер кезінде байқап, азаматтарға қандай қолдау алуға болатынын алдын ала хабарлайды.
Жиі қойылатын сұрақтар
Отбасының цифрлық картасы қашан жұмыс істей бастады?
Жүйе 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс істейді.
Отбасының санаты қанша көрсеткіш негізінде анықталады?
Бағалау 59 көрсеткіш пен 8 негізгі бағыт бойынша жүргізіледі.
Отбасының санаты қашан қайта есептеледі?
Отбасының құрамы мен әл-ауқат деңгейі ай сайын қайта есептеліп, мәліметтер автоматты түрде жаңартылып отырады.
Қате анықталса, қайта өтініш беру керек пе?
Қажет емес. Қате бастапқы дереккөзде түзетілген соң, картада автоматты түрде жаңартылады.