Мұрат Әуезов: Алаш аманатын арқалаған ұлт перзенті
Мұрат Әуезов – қазақ руханиятының заңғар тұлғасы, Алаш арыстарының аманатын жалғаған ұлтшыл қайраткер. Ол кеңестік империяның құрығында қазақ тілі мен санасын сақтап қалуға бағытталған «Жас тұлпар» қозғалысын құрды. Ғалым, дипломат және мәдениеттанушы ретінде Мұрат Әуезов қазақтың тарихи мұрасын қайта жаңғыртып, ұлттық кодты нығайтты.
Мұрат Әуезов кім болған?
Мұрат Мұхтарұлы – мәдениеттанушы, дипломат, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Тарлан сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының докторы. Ол заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің ұлы болды. Ғалым ретінде ол шығыстану, түркітану және әдебиет теориясы салаларында терең із қалдырды. Қазақстан Журналистика академиясының академигі атанды. Бүкіл ғұмырын қазақтың тарихы мен әдебиетін, өнері мен мәдениетін зерттеуге арнады.
Ана Фатима: Репрессия құрығындағы қазақ рухы
Мұрат Әуезовтің анасы Фатима Зейноллақызы 1903 жылы көпес отбасында дүниеге келген. Татар ұлтынан болса да, бар ғұмырын қазақ даласында өткізіп, асқан мәдениетімен ерекшеленді. Ол қазақтың үш арысының жары болды. Фатима Ғабитова алғашқы Біләл Сүлеевке тұрмысқа шықты. Біләл Сүлеев репрессияға ұшырады. Содан кейін құлагер ақын Ілияс Жансүгіровпен отау құрды. Бірақ Ілияс Жансүгіров те тұтқындалып, атылды. Кеңестік қырғыннан кейін Мұхтар Әуезов олардың арттарында қалған балаларға әке орнына әке болды.
Әкелеріміз бөлек болса да біздің арамызда ешқашан түсініспеушілік болған емес. Ата-анамыз бәрімізді бөле-жармай, жақсы көрді. Ол «халық жауы» деп жалған айып тағылғандарға қол ұшын созбақ түгілі, олармен жақын араласудың өзі қиын заман еді. Бірақ менің әкем Біләл аға мен Ілияс ағаның артында қалған балаларға өз әкелеріндей қамқор болып, қанатының астына ала білді.
«Халық жауының» әйелі ретінде Фатима Зейноллақызы үлкен қалаларда тұруға рұқсат алмады. Алайда ол Меркіде жетіжылдық мектептің меңгерушісі болып, оқу ісін жөнге салды. Мектепті 10 жылдыққа айналдыруға атсалысты. Қырғын заманында қайраттылық танытқан ана өз ұстаздығымен шәкірттерінің құрметіне бөленді.
Мұрат Әуезовтің білім жолы мен кеңестік жүйедегі күресі
Мұрат Әуезов 1965 жылы М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Шығыс тілдері институтын «Қытай филологиясы» мамандығы бойынша бітірді. Кеңестік империяның орталығында оқып жүрген шағында, ол қазақстандық жерлестерімен бірге Алашорда идеясын насихаттау мақсатында «Жас тұлпар» бейресми жастар қозғалысын құрды. Бұл қозғалыс КСРО мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің қырына ілікті. Кейін ғалым КСРО Ғылым Академиясының Әлем әдебиеті институтында филология ғылымдарының кандидаты дәрежесі үшін диссертация қорғады.
Мұрат Әуезов қандай қызметтер атқарды?
Мұрат Мұхтарұлы әр жылдары ұлттық мүдде тұрғысынан мынадай жоғары қызметтерді атқарды:
- 1965-1977 жылдары КСРО Ғылым академиясы Азия және Африка институтының ғылыми қызметкері, Қазақстан Ғылым академиясы Философия және құқық институтының кіші аға ғылыми қызметкері.
- 1977-1980 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының әдеби кеңесшісі.
- 1980-1982 жылдары Қазақстан тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамының бөлім меңгерушісі.
- 1982-1987 жылдары «Қазақфильм» киностудиясында бас редактор.
- 1988-1990 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының көркем аударма және әдеби өзара байланыстар жөніндегі Алқасының басшысы.
- 1988-1990 жылдары халықаралық «Невада-Семей» қозғалысының вице-президенті.
- 1992-1995 жылдары Қазақстанның Қытай халық республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі.
- 1995-1997 жылдары Мәдени мәселелерді зерттеу ғылыми орталығының бөлім меңгерушісі.
- 2003-2006 жылдары Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының директоры.
Ұлтжандылық туралы өсиеті қандай болды?
Мұрат Әуезов қазақ жастарына ұлтжандылықты ерекше қасиет ретінде ұғындырды. Оның өсиеті тұлғаның рухани күшінен туындайды.
Ұлтжандылық деген бұл ұлы сезім. Адамды ажарландырып, нұрландырып, жігерлендіріп жібереді. Қазақ халқының саны тым аз. Сондықтан біз ұлттың сапалы болуын ойлауымыз керек. Ол үшін нағыз білім болуы керек. Тек диплом алу үшін білім қуудың қажеті жоқ, білімнің ұшан-теңіз тереңіне бойлай білуіміз керек. Алаштың азаматтары «Сегіз қырлы, бір сырлы» болған. Сыры осы ұлтжандылық. Олар нағыз қазақ бола білді. Біз қазақтығымызды жүрегімізбен сезінуге тиіспіз. Өйткені заман қатал.
Мұрат Әуезов қандай еңбектер жазды?
Қаламгер қазақ руханиятын көтеретін көптеген туындыларды жарыққа шығарды. Оның «Ділім», «Әлемдік мәдениеттану ой-санасы» 10 томдығы секілді еңбектері ұлттық санаға қорған болды. «Өнегелі өмір» сериясымен жарыққа шыққан кітабында өмірбаяндық мәліметтер, таңдаулы туындылар және мұрағаттық деректер жарияланды. «Үлкен жол», «Гүл іспеттіс жол» деректі фильмдерімен де танылды.
Ақын Мырзан Кенжебайдың айтуынша, «Ділім» кітабы Мұрат Әуезовтің жалынды жас шағында құрған «Жас тұлпар» ұйымының рухынан туындаған. Бұл кітапта кеңестік қуғын-сүргінге ұшыраған қозғалысқа аз ғана аялдама жасалады. Мұхтар әкенің «Қилы заманы» жастардың ұлттық санасына ой салса, «Жас тұлпар» соның жалғасындай болды. Мұрат Әуезов бұл кітапта ұлттық мәселеге пісіп жетілген ұлттық санамен келді.
Қазақ тілінің жұтылып кету қаупі жоғары болған замандарда ұлттық сананы көтеруге бағытталған «Жас тұлпар» ұйымының қазақ жастары үшін маңызы зор еді. Асылдың сынығы, қазақ қоғамына қалтқысыз еңбек еткен Мұрат Әуезов 2024 жылдың 14 маусымында дүниеден өтті.
Мұрат Әуезов қай жылы дүниеге келген?
Мұрат Әуезов 1943 жылы 1 қаңтарда Жамбыл облысы, Меркі кентінде дүниеге келген.
«Жас тұлпар» ұйымының мақсаты не болды?
«Жас тұлпар» бейресми жастар қозғалысының мақсаты кеңестік империя ішінде Алашорда идеясын насихаттау және қазақ тілі мен ұлттық сананы сақтап қалу болды.
Мұрат Әуезов қай жылы қайтыс болды?
Мұрат Әуезов 2024 жылдың 14 маусымында дүниеден өтті.