Қазақ мифологиясы: Аңыз кейіпкерлердің түпкі мәні мен тарихы
Қазақтың ұлттық рухы мен тілінің қойнауында сақталған мифологиямыз ғасырлар тереңінен бізге жеткен асыл мұра. Жезтырнақ, жалмауыз кемпір, жалғыз көзді дәу сияқты кейіпкерлер бала күнімізден таныс. Алайда бұл бейнелер жай ғана ертегі емес, қазақтың көне танымы мен дүниеге көзқарасының көрінісі. Кеңестік идеология бізден ұлттық кодты өшіруге тырысса да, аңыздарымыз тілімізде сақталып, бүгінге дейін жетті. Ендеше осы мифтік кейіпкер атаулары қайдан шыққан, не мағына білдіреді? Зерттеуші ғалымдар еңбегіне сүйене отырып, ұлттық мифологиямыздың түпкі тамырына үңілейік.
Мифтік кейіпкерлердің жіктелуі
Миф дегеніміз ең көне жанрлардың бірі. Ғалым Әбдуәли Қайдар миф ұғымына «көне дәуірдегі адамдардың дүниенің пайда болуы, табиғат құбылыстары, құдайлар мен ғажайып батырлар туралы шығарған аңыздары» деп анықтама береді. Бұл ежелгі қазақтың өз ортасын, өз жерін танып білудегі алғашқы қадамы еді. Сая Итеғұлова құрастырған жинақта қазақ фольклорындағы мифтік кейіпкерлер алты топқа бөлінген:
- Тотемдік кейіпкерлер: Көк бөрі, Көк өгіз
- Шамандық кейіпкерлер: Самұрық, Бәйтерек, Бақсы
- Демонологиялық кейіпкерлер: Албасты, Жезтырнақ, Жалмауыз кемпір, Мыстан кемпір, Пері, Жын, Шайтан, Дию
- Хтоникалық кейіпкерлер: Дәу, Қара дәу, Жалғыз көзді дәу, Шойынқұлақ, Үш дәу, Алаңғасар, Толағай, Ергежейлі, Жартықұлақ
- Ілкі қаһармандар: Таусоғар, Көлтауысар, Саққұлақ, Желаяқ, Епті, пірлер
- Трансформацияланған мифтік кейіпкерлер: Қаңбақ шал, Тазша бала
Албасты: Түркілік «Ал» түбірінің ұлы мәні
Албасты қазақтың тұрмыстық мифологиясындағы зұлым демон образы ретінде белгілі. Алайда ғалым Серікбол Қондыбай бұл атаудың түпкі мәні тереңде жатқанын атап көрсетеді. Ол кез келген нәрсеге айналып кете алатын айналғыр. Жас босанатын әйелдер мен балаларға зиян салып, түнгі үрей әкеледі. Бірақ бұл кейіпкердің бастапқы түпкі мәні мүлде бөлек.
Қондыбай жазады: «Түркі халықтарының тіліндегі аталу нұсқалары албассы, албарысты, хал, хал анасы, алмасты, ал ана, ал қары. Бұл атаулар дағыстан, чеченингуш, моңғол, тәжіктер түсінігінде бар. Міне, осы этно мифогеографиялық ареалға қарап албасты сөзінің түркілігін анық көруге болады. Кейбір пайымдауларда иран сөздерінен құралған делінгенімен, бұл шын мәнінде